02 шіл, 2021 сағат 19:45

Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Үлкен дулыға» жарысының 18-ракеткасы болып тіркелген, өткен айда 22-ге толған қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 46-ракеткасы, америкалық, 28 жастағы Шелби Роджерспен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Өткен жылы US Open додасында Роджерс 7:5, 6:1 есебімен ұтса, екі апта бұрын Рыбакина Берлинде есе қайырған еді – 2:6, 6:3, 6:4.

Уимблдонда үшінші айналымда америкалық спортшы күтпеген жерден әлемнің 18-інші, осы турнирдің 15-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді 7:5, 6:4 есебімен ұтып кеткен еді.

Бірінші партияда қос брейк жасаған Елена қарсыласын қиналмай жеңді – 6:1.

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, өз геймін де ала білді – 4:2. Содан кейін матчты эйспен бітірді – 6:4.

Бір сағат 6 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 8, қарсыласы бір ғана эйс жасай алды. Қазақстандық теннисші 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.

Осылайша Рыбакина Уимблдон додасында алғаш рет өнер көрсеткеніне қарамастан, төртінші айналымына шығып отыр. 

Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің төртінші, осы жарыстың 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен таласады. Ол дүниежүзілік рейтингте 94-сатыда тұрған колумбиялық Мария-Камила Осорио Серраноны 6:0, 6:3 есебімен тізе бүктірді.