Қазақстандық теннисші, Уимблдон турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина азаматтығына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрине, мен - Қазақстанның азаматымын. Азаматыққа қатысты сұраққа бұған дейін де жауап бергенмін. Соңғы 2 жыл бойы нақты еш жерде тұрмаймын. Әр апта сайын бір қонақүйден екінші қонақүйде жүрмін. Одан қалды дайындықта, жарыста жүремін. Яғни нақты тұрақты мекенім жоқ», - деді Елена Рыбакина елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, теннисші шетелдік спортшыларды тартпай, отандық спортшыларды даярлау керек дегенге қатысты ойын ортаға салды.
«Өз басым жоғарыда аталған ойды қолдаймын. Біріншіден, егер Қазақстан болмаса, менің қазір кім болатыным белгісіз. Теннис - Қазақстан үшін жас спорт түрі. Осы орайда мен Қазақстанда теннисті танымал ете түсетін адам шығармын. Ол үшін қуаныштымын. Бұл - үлкен жауапкершілік. Мен жауапкершілікті сезінемін және мақтан етем», - дейді ол.
Айта кетейік, 7 шілдеде қазақстандық теннисші Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің финалына шығып, жеңіске жетті.