25 мау, 2021 сағат 22:50

Рыбакина Истбурн турнирінің финалына шыға алмай қалды


Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің финалына шыға алмай қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Рыбакина жартылай финалда 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің жеңімпазы, латвиялық, әлемнің 43-ракеткасы Елена Остапенкомен шеберлік байқасты. 

Латвиялық теннисші 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Остапенко 3 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана алды. Қазақстандық спортшы 6 эйске қол жеткізгенімен, 9 брейк-пойнттың екеуін ғана өз есебіне жазды. 

Остапенко финалда әлемнің 27-ракеткасы, эстониялық Анетт Контавейтпен бас жүлдені сарапқа салады.