ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіндегі мәлімдемесін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бүгінгі саммитінде барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қолдау және БҰҰ Жарғысын сақтау туралы Президенттің бүгінгі мәлімдемесіне қатысты БАҚ-тан сұрақтар келіп түсіп жатыр.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы бұл мәлімдемені Солтүстік Кипр Түрік Республикасына Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесін беру туралы өтінішке орай жасағанын атап өткім келеді.
Қазақстан БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын дәйекті түрде ұстанады. Президент бұл жөнінде бірнеше рет айтқан", - деп жазды Руслан Желдібай.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен жиында Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайтынын айтқан болатын.