08 мау, 2020 сағат 10:54

Руслан Дәленов дағдарыстан экономиканың қай салалары зардап шеккенін айтты

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов коронавирус пандемиясы салдарынан жаһандық дағдарыстың келтірген залалы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлық елдер қиындықтарға тап болды. Есептеулерге сәйкес, қаңтар айында 160 ел экономикалық өсімді болжаған еді, ал үш айдан кейін 170 мемлекет аталған көрсеткіш төмендейтінін жариялады. Халықаралық сарапшылар қазіргі жаһандық дағдарыс өзгеше екенін мойындады, яғни тұтынушылар да, өндірушілер де шектеліп отыр», - деді Р. Дәленов онлайн режимде халық алдында есеп беру барасында. 

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда көбіне қызмет көрсету секторы зардап шекті. Бұл тұрғыда сауда, көлік, туризм, қоғамдық тамақтану желісі, кинотеатрлар, қонақ үйлер табысынан қағылды. Осы орайда азық-түлік өткізетін орындар мен дәріханалардан басқа сауда бағытының қызметі баяулады. 

«Мұны сәуір айындағы статистикадан байқауға болады. Сондықтан дәл осы салаларға қосымша салық ынтыландырулары ұсынылды. Жалпы, шағын және орта бизнес пен өңдеуші ірі бизнес үшін несиелеу тетігі кеңейтілді. Кешенді жоспарда тиісті шаралар ескерілген. Осы орайда шаралардың қолайлы пакеті жүзеге асырылып жатыр деп есептеймін», - деді министр.