Бүгін, 10 қыркүйек күні Румыния астанасы Бухарест қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жиынға Румыниядағы Қазақстан елшілігі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мұрындық болып, қолдау көрсетті. Мүсін авторы - Еуразия ұлттық университетінің профессоры, көрнекті мүсінші, ҚР Суретшілер Одағы және Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Талғат Анарбеков. Оның авторлық жұмыстары өз еліміз бен шет елдердегі көрмелерге қойылған.
Іс-шараға Парламент және мемлекеттік органдардан келген румындық саяси қайраткерлер, шет мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ академиялық, қоғамдық және орта бизнес пен БАҚ өкілдері қатысты.
Елші Нұрбах Рүстемов өзінің құттықтау сөзінде Абайдың 175 жылдығы аясында ескерткіштің ашылуы Қазақстан мен Румыния халықтарының өзара сыйластығының, екі елдің тарихын тани отырып, жаңа ұрпақты тәрбиелеудің көрнекі үлгісі болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар еуропалық мәдениетке тарту Қазақ мәдениетінің реформаторы - Абай ұмтылысының бірі екендігі және оның ұлы мұрасы Шығыс пен батыс мәдениетіне бірдей ортақ дүние екені егжей-тегжейлі айтылды.
Шара барысында қазақтың ұлы ақыны Румыния жастарына баға жетпес құндылық екені ерекше аталып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Бухарест қаласының мэріне алғыс білдірілді.
Іс-шараға қатысушылар қазақ халқының кемеңгер ақынын халықтар арасындағы достықтың өміршең белгісі деп бағалады. Мәселен, Парламент депутаттары палатасының вице-спикері, «Қазақстан-Румыния» парламентаралық достық тобының төрағасы Флорин Иордаке мен Мәдениет министрлігінің мемлекеттік хатшысы Михай Фирика әлемдік деңгейдегі ұлы ақынға ескерткіш орнату Бухарестің өміріндегі жаңа тарихи кезеңге айналатынын, сондай-ақ оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін Қазақстан халқына құрмет болып табылатынын жеткізді.
Шара барысында Абайдың «Қара сөздерін» румын тіліне аударған белгілі лингвист Антоанета Олтяну ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берсе, балабақша тәрбиеленушілері қазақ тілі мұғалімінің жетекшілігімен Абай өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады.
Іс-шараның мәнді де мазмұнды өтуіне Румынияда тұратын жас қазақстандық суретші Алуа Тебенованың экспозициясы да үлкен үлес қосты, ол өз картиналарында қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің мәнін жеткізеді.
Сондай-ақ, қонақтар назарына румын тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздер», Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы, тағы басқа да имидждік материалдар ұсынылды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Бухарест төрінде асқақтаған Абай мүсінін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» және ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» еңбектерінің концепциялық мұратын, ақынның 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асырудың бір көрінісі деп біледі.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, Қазақстан мен Румыния арасында дипломатиялық қарым-қатынас осыдан 28 жыл бұрын қаланған. Сол кезден бастап екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық орайлы дамып келеді.
Румыния – Қазақстанның оңтүстік-шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі. Соңғы төрт жылда Румыния жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар және ғылыми-техникалық мамандықтар бойынша қазақстандық білім алушыларға грант ұсынуда.