Еліміздегі кез-келген саланың ұзақмерзімді және жақын аралықтағы дамуының бағыт-бағдары Елбасының Жолдаулары, Стратегиялық құжаттар мен мемлекеттік бағдарламаларда белгіленеді.
Ұлттық әдебиетіміз де назардан тыс қалмай, оның өткенді өлшеп, бүгінгіні бағалау, жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі әрдайым назарға алынып келеді. Мәселен, Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында ұлттық әдебиеттің қоғамдық дамуда қаншалықты маңызды орын алатынына ерекше тоқталған еді, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Шыққанына үш жыл толған «Рухани жаңғыруда» тәуелсіздік орнағалы осы бағытта қыруар шаруаның атқарылғанын айта келіп, жастардың патриотизмі дегеніміз оның туып-өскен жеріне, оған деген шексіз сүйіспеншіліктен басталатынын айтады. Ұлттың салт-дәстүрлері, тілі мен музыкасы, әдебиеті, салт-жоралғысы, қысқаша айтқанда, ұлттық рух бүгінгі азаматтардың, әсіресе жастардың бойында сақталу керектігін ерекше атап көрсетеді. Осылайша, біз ұлттық кодты, ұлттық бірегейлікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Ал, осы істі орындауда Елбасы шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдарға назар аударады. Өйткені, Қазақстанның ескі ғана емес, жаңарған заманауи мәдениетінің өкілдері дүниежүзілік алаңға қалай шығатыны, осы мемлекетті таныстыруы да маңызды болып отыр.
Осы бағдарламалық мақалада Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, өткен тарихы мен мәдениетін зерделеуде атқарған шаруасының оңы мен солына тиісті баға берілгендей болды. Еліміздің мәдени мұрасын, мемлекеттік тілдегі гуманитарлық білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлық тәжірибені біріктіріп, оны зерттеудегі бірыңғай жүйе қалыптастыру міндеті де қойылды. Ал әдебиеттің жаңа тарихын құрастыру міндеті тек тарихи факторларды ескеру ғана емес, сонымен қоса әлемдік әдебиеттің даму заңдылықтары және ішкі ұлттық көркем ой мен мәдениеттің даму беталысынан туындайды.
Әдебиеттің әлемді танудағы, халықтың рухани сана-сезімін қалыптастырудағы орны үлкен. 2015 жылғы сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Н.Назарбаев қазақстандық интеллигенцияның алдына жалпыхалықтық құндылықтарды насихаттайтын, өскелең ұрпақты Отаны мен өлкесін сүюге тәрбиелейтін туындыларды шығаруға шақырды.
Оның айтуы бойынша келбеті өзгерген заманауи мемлекетке жаңа шығармалар, жаңа идеалдар мен құндылықтар насихатталуы тиіс. Халық зиялы қауым өкілдері, өнер мен мәдениеттің өкілдерінен асқақ рух, абырой мен намыс, отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерін көрсететін туындылар күтетінін де басып айтқан еді.
Әрине, егемендіктің алғашқы жылдары елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік және өндірістік жағдайы ғана емес, әдебиеті де тоқырауға ұшырады. Қоғамдық ойды қозғайтын шығармашылықты қолдауға Үкіметтің шамасы жете бермейтін еді. Дегенмен, ақындардың шығармашылығы тоқтаған жоқ, тәуелсіздік таңына қол жеткізген халықтың қайғысы мен қуанышы алғашқы уақыттағы шығармаларда айқын көрініс тауып отырды. Отаншылдық құндылықтар насихатталып, біртұтас ұлт болып қалыптасу үшін кез-келген мемлекетте ең алдымен дамыған экономика, білім мен ғылым, дәстүрлердің сақталуы мен ұлттық мәдениеттің дамуына жағдай жасалуы керек. Осы орайда, халықтың рухани өміріндегі өзекті сұрақтарды көтеретін ақын-жазушылардың шығармалары өзекті бола түседі. Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялап, отыз жылдық кезеңде етек-жеңін жинап, әсіресе «Рухани жаңғыру» аясында ұлттық руханият пен өнер, әдебиет пен мәдениет саласын дамытуда айтарлықтай маңызды қадамдар жасады:
- осы бағытқа жауапты ведомстволар мен органдар, Жазушылар Одағы аймақтағы бөлімдерінің жұмысы жанданды;
- «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Еуропа мемлекеттерінен шығармашыл қауым еліне оралып, отандық поэзияның өркендеуіне жаңа сипат берді;
- қазақ ақындары мен жазушыларының шығармалары әлемнің тілдеріне аударылып, АҚШ, Англия, Ресей, Испанияда таныстырылымы өтті. Жас ақындардың жинақтары республикалық және аймақтық деңгейде шығарылды;
- жас ақындар мен жазушыларға арналған мүшәйралар мен олардың жүлде қорлары кеңейтілді; жас таланттарға берілетін мемлекеттік сыйлықтар мен стипендиялар олардың шығармашылығына стимул болды;
- мемлекеттік тапсырыспен ақындар мен прозашылардың жинақтары шығарылып, еліміздің түпкір-түпкіріндегі кітапханаларға таратылуда.
2019 жылы 4 қыркүйекте елімізде тұңғыш рет Азия қаламгерлерінің форумы болып өтті. Бұл еліміздегі әдебиет пен әдебиеттанудың әлемдік үрдіспен біте қайнасып жатқандығын көрсетеді. Осы форумдағы сөзінде Қ.Тоқаев тұтас түркінің ортақ мұралары «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары мен «Қорқыт ата кітабы» – әдебиетіміздің түп-тамыры екендігін атап өтті. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи еңбектері, Алтын Орданың жыраулық поэзиясы жалғасын тауып келеді. Ал төл әдебиеттің биікке шығуы Абайдың даналық болмысымен байланысты екенін Мемлекет басшысы айтты. Ары қарай ол өз сөзінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылғанына және оның жетістіктеріне тоқталды. Мәселен, осы жылдары қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ 6 тіліне аударылып, жарыққа шығарылады.
Ал бұл туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни 2,5 миллиард оқырманға тарайды. Түркілік тегін сақтаған халық өз қасиет-құндылықтарына қайта бет бұрып, оны әлемдік әдебиетпен тығыз байланыстыруда.
Ғасырлар бойы ұрпақтардың ұлттық-отаншылдық, азаматтық-адамгершілік ұстанымдарын нығайтып келген қазақ поэзиясының тағдыры да ақындардың адуынды жырлары арқылы жалғаса беретіні сөзсіз. Бұл – қазақтың ұлттық руханиятын жаһанданудың тасқынында шайылып кетпей, бәз-баяғы қалпында болмаса да, соның кескін-келбетін сақтау міндетінен де туындайды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетінің негізгі арнасы қазақ поэзиясы жаңа тарихтың көркемдік-эстетикалық болмысын көтеріңкі рухпен, реалистік сипатымен жырлап келеді. Үш жылдық кезеңде «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен бірге ұлттық әдебиет те дамудың жаңа деңгейіне көтерілгенін байқаймыз.