13 там, 2020 сағат 11:02

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлкен идеялық тұғырнама деп қараған жөн - Болат Тілепов

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына үнемі дамып отыратын үлкен идеялық тұғырнама деп қараған жөн. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан үш жыл бұрын еліміздің идеологиялық қазанын толтыруға үміт сыйлаған үлкен бастама қолға алынған болатын. «Рухани жаңғыру» деген атпен басталған бағдарлама биыл міне ,жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Әрине, ұлттық рухтың қайта түлеуі елімізде бүгін басталған жоқ», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның дерегінше, бұған дейін 2004 жылы «Мәдени мұра», 2010 жылы «Халық тарих толқында» деген бағдарламалар болды. Олар өзінің негізгі миссиясын ойдағыдай орындап, халқымыздың тарихи, мәдени мирасын қайта жаңғыртты. 

«Ал, енді, бүгінгі рухани жаңғырудың басты мақсаты - бұл қоғамдық сана. Ал басты шарты - ұлттық кодты сақтау. Көріп-біліп отырсыздар, әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Айтып келмеген індеттің өзі адамдардың өмір салтын ғана емес, тұтастай мемлекеттердің саясатын өзгертуде. Бірінші кезекке қазіргі таңда елдің денсаулығы, тән саулығы ғана емес, жан саулығы, яғни рухани күші, сауаты мен тәлім-тәрбиесі шығып отыр. Мұның барлығы бір күнде не бір жылда бола салатын дүние емес. Өйткені, адамның тәнін емдеу қиын болса, ал жанын емдеу қиынның қиыны. Сондықтан қоғамның рухани жаңғыру мәселесіне белгілі бір мерзімді бағдарлама емес, үнемі дамып, толықтырылып отыратын үлкен идеялық тұғырнама деп қараған жөн», - деді Болат Тілепов.