Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған дәстүрлі музыканы дәріптеу – бүгінгі ұрпаққа аманат. Мәдениет өткен мен бүгінді байланыстырып, болашаққа бағдар бола алады. Сол себепті де өскелең ұрпақтың жезтаңдай әнші, дәулескер күйшілердің «сарқытын ішіп», олардың әндерімен құлақ құрышын қандыруы маңызды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында біздің мәдениетіміздің шекіз екенін тілге тиек еткен болатын. Демек, қазақ халық музыкасын насихаттау арқылы дала фольклорының мәдениетін қайта жаңғыртуымызға толықтай мүмкіндік бар.
Осы орайда «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалада айтылған идеяларды іске асыру мақсатында партия бастамасымен «Ұлы даланың көне әуендері» дәстүрлі музыка фестивалі бастау алды.
Ән мен жыр мерекесі киелі Семейден басталып, Ертіс-Баян өңірінде жалғасын тапты. Төл өнеріміздің иелері ұсынған кешті тамашалау үшін Ж.Айматауытов атындағы қазақ музыка-драма театрына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды.
«Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева партияның ұлттық құндылықтарды ұлықтауға әркез әзір екенін тілге тиек етті.
Фестивальге танымал өнер адамдары – жыр-термешілер Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, Гүлмира Сарина, күйшілер Батыржан Мықтыбаев, Арман Жүдебаев қатысты.
«Ұлы даланың көне әуендері» дәстүрлі музыка фестивалінде белгілі өнер майталмандарынан бөлек, Павлодар облысының танымал аға буын өкілдері, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен музыка мектебінің оқушылары, колледж студенттері өнер көрсетті. Олардың қатарында Медығат Манап, Серік Сыздықов, Әсел Арынова, Нәзира Омар, Архат Қайратұлы, Жанболат Байсолтан, «Еркеназ» ансамблі бар. Залға жиналған көпшілік Естайдың, Кенен Әзірбаевтың, Майраның әндерін, Құрманғазының күйлерін, Майлықожаның жыр-термелерін тыңдады. Домбыра, сыбызғы, сырнай, жетіген сынды ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған шығармалар ерекше әсерлі болды.
Өнерпаздардың шығармашылығы қалың көпшіліктің көңілінен шыққаны ыстық ықыласынан байқалып тұрды. Павлодарлық көрермен қауым осындай рухани кештердің жиі ұйымдастырылғанын қалайды.