05 мам, 2018 сағат 11:00

Роза Рымбаева әйгілі "Әлия" әнін Молдағұлованың туған жерінде шырқады (Видео)

Роза Рымбаева қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған жері Ақтөбе облысының Қобда ауданында атақты "Әлия" әнін шырқады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстанның халық әртісі Ақтөбеге 4 мамырда ұшып келді де, бірінші кезекте Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған жері - Қобда ауданындағы ауылға аттанды. Бір кездері ақын Бәкір Тәжібаев пен композитор Сейдолла Бәйтереков әндерін дәл осы қазақтың батыр қызына арнаған еді.

"Роза Қуанышқызы Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына келе алмады, бірақ, осы жолғы сапарын Қобда ауданындағы Әлия ауылынан бастады. Бұл қасиетті жер", - дейді Роза Рымбаеваның Ақтөбедегі концертін ұйымдастырушы Жанаргүл Досова. 

Әлия ауылында Роза Рымбаева Кеңес Одағы батырының музейіне кіріп-шықты, ауыл тұрғындарымен кездесіп, жергілікті мешітте де болды. Кейін Қобда ауылындағы Мәдениет үйінде тұрғындар үшін қайырымдылық концертін беріп, атақты "Әлия" әнін шырқады. 

"Әлия" композициясына биыл 41 жыл толады. 1977 жылы Болгарияда өткен "Золотой Орфей" фестивалінде Роза Рымбаева "Әлия" әнімен байқаудың гран-приін иеленген болатын. Дәл сол шақта қазақ тіліндегі бұл ән КСРО көлемінде үлкен танымалдылыққа ие болды.