Алматы облысында пойыз бен автобус соқтығысқан өткелге көпір салу үшін 70 жер үйді сүру керек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аталмыш теміржол өткелімен бір тәулікте – яғни, күн сайын 65 пойыз өтеді. Ал автокөлік қозғалысының қарқыны – 10 мың автокөлік. Сөзсіз, аталып отырған өткелге көпір, өтпежол салу керек. Әйтсе де, дәл сол аумақта өтпежол салу үшін сол жердегі 70-ке тарта жеке үйді, 2 жанар-жағармай бекетін сүру керек. Бұл әлбетте, үлкен бюджеттік шығынды талап етеді. Сол себепті, аталған өткел қосымша күзет сигнализациясымен ғана емес, автокөліктің өтіп кетпеуін қамтамасыз ететін кедергілік құралдарымен жабдықталған болатын», - деді Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, автокөлік жолдарын қайта жөндеу кезінде міндетті түрде тиісті көпірдің салынуы қарастырылады.
«Темір жол және автокөлік магистральдары – автокөлік жолдары бірінші, екінші және үшінші санатта болса ғана түйіседі. Шамалғандағы жағдайда автокөлік жолы – техникалық сипатта екінші санаттағы жол. Біз өткелде көпір салуды келесі жылға жоспарлап отырмыз. Бірақ, көпір дәл осы өткелде емес, жер үйлер азырақ сүрілетін аумақта салынады. Жобалау мерзімі шамамен 3-4 айды алады», - деді Роман Скляр.