15 там, 2016 сағат 11:09

Риодағы қазақ боксшыларына жолдау

Олимпиада әлемдік дода болғанмен, әр елдің, әр ұлттың өзінің бір «дәстүрлі» қарсыласы болады.

Әдетте ол көршісі немесе туысы.

Сондай қарсылас қазақ елінде де бар. Ол әрі көрші, әрі туыс өзбектер.

Сонау 1960 жылдары футбол өркендеп, екі ұлттың командалары КСРО чемпионатында өнер көрсете бастағаннан  «Қайрат» пен  «Пахтакор» командалары арасында осындай бәсекелестік болды.  Екі команданың арасындағы ойынды алыстағы малшы ауылдағы шопандарға дейін радиоқабылдағыштарын құлақтарына тосып, елеңдеп күтетін. Газеттен оқып, радиодан естігені мен  теледидардан көргенін қызу талқылап жататын.  Әгәрәки ойынды стадионнан көрудің сәті түссе, жылдар бойы мақтанышпен айтып жүретін. Өзіміз Қайраттың жанкүйері ретінде Ташкентке де бардық, Алматыдағы бірер ойынын да көрдік.  Стадионға ең көп жанкүйерлерді осы екі команданың арасындағы ойындар  жинайтын. Ойыншылар барын салатын.  Тіпті жанкүйерлер арасында да кикілжіңдер орын алып тұруы қалыпты жағдай болатын .

КСРО келмеске кетті. Қазақстан Футбол Федерациясы  біраз жылдан соң УЕФА-ға ауысты. Алғашында мұны мақтаныш көргенмен, үлкен қателік болғанын енді түсініп келе жатырмыз.  Сонымен өзбек футболынан алыстап кеттік. Ал ойын деңгейіміз Еуропаның ең сорлы командасының деңгейіне де жете алмай жатыр.

Қазір спортта екі елдің арасындағы басты бәсекелестік бокс  рингіне  ауысты!

Екі туыс әрі көрші халықтардың бокстан әлемдік көшбасшы елдердің санатына кіргені мақтаныш.

Десек те, ежелгі бәсекелестен басым түскенге не жетсін?!

Төреші де адам баласы!

Ол да қателеседі немесе бір спортшыға бүйрегі бұруы әбден мүмкін пенде!

Әрі десе, ринг бар болғаны ауданы 6.1х6.1 болғанмен,  әр төреші өзі отырған бұрыштан ғана көре алады және соған байланысты баға бере алады.

Сондықтан, мүмкін болса, ұрып жыққан дұрыс.

Айтуға оңай дегенмен, әсіресе өзбек ағайындарымызбен ойында  айқын, әрі таза  жеңіс қажет.

Боксшылардан өтініш!

Айналайындар, көршінің  алдында бізді жерге қаратпаңдар!

Барын салып, ұтыңдаршы!

Өздеріңе Жаратқан иеміз жар болып, ата-баба  аруағы  қолдасын!

Өмір Шыныбекұлы - жоғары санатты ұстаз. Шымкент қ.