15 қар, 2023 сағат 12:36

Ринат Зайытов шенеуніктердің баласын әскерге жіберуді міндеттеуді ұсынды

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мәжілістің жалпы отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Ринат Зайытовтың сауалына жауап бере отырып, "жоғары лауазымды тұлғалар мен олардың баласын екі айлық әскери дайындыққа міндеттеуге мүмкіндік беретін" арнайы норма әзірлеу ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

«Әріптесім, депутат Жигули Дайрабаев «Бұл отанды біз қорғамасақ, басқа кім қорғайды» деп өте жақсы сөз айтты. Сіз статистикаңызда (әскерге - еск.) 90% ауыл жастары келеді деп айттыңыз. Мен осы уақытқа дейін қателесуім де мүмкін, бірақ «министрдің баласы, әкімнің баласы әскерде жүр» дегенді естімеймін. Осы заңның аясында жоғары лауазымды тұлғалардың не өздерін, не балаларын осы екі айлық әскери дайындыққа міндеттейтін норма қарастыруға бола ма?», - деді депутат.

Руслан Жақсылықов сұраққа тағы орысша жауап беріп, депутат ұсынған норманы енгізудің қажеті жоқтығын айтты.

"Ұлдарын әскерге жібергендер бұл жайында көпшілікке жарияламайды. Жүрекпен патриот болу керек, патриоттық деген жария етілмейді. Бұрын Ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов екі жиенін әскерге өзі алып келді. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы мектеп бітірген соң десанттық-шабуылдау әскерінде борышын өтеп, қазір АҚШ-тағы әскери училищенің курсанты болып отыр. Бұл үлгі емес пе? Министр мен депуттардың ұлдарын бөлетін норманың қажеті жоқ. Заң бәріне ортақ, тек оны кім қалай орындағаны маңызды", - деді министр.