Фото: Aikyn.kz
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов бензин енді арзандамайтынын, сол себепті халықтың қосымша табысын арттыру жолдарын қарастыру керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның сөзінше, бензин мен дизельді отын бағасын көтеру бойынша депутаттар мен Үкімет мүшелері арасында біраз тартыс болған.
"Жанар-жағармайдың қымбаттауы бойынша үлкен тартыс болды. Әрине, мұның бәрін біз халыққа көрсете бермейміз. Сол тартыста келген мәмілеміз былай: егер қазір Үкімет айтып отырғандай, егіс науқанында тапшылыққа тап болсақ, онда мұндай жауапкершілікті кім мойнына алады? Бұл ретте біздің депутаттар, әрине, мойындаймыз, Үкіметтің алдындағы біздің шегінісіміз. Бірақ біз халықтың мүддесін қорғап отырғандықтан, енді осының есесін басқа жақтан қайтаруға ұмтылуымыз керек", - дейді Зайытов.
Депутаттың пікірінше, мұның жалғыз жолы – халықтың табысын арттыру.
"Басқа шешімі жоқ. Өйткені Үкіметтің айтып отырғаны жартылай болсын рас болса, мұның шешімі енді арзандамайды деген сөз. Оған дайын болу керек. Бірақ қосымша табысты арттыру жолдарын іздеу қажет. Бостан босқа әңгіме қуалап, "ойбай, бензинді арзандатайық" деп айғайлай бергеннен гөрі, басқа жақтан ұтуға тырысуымыз керек. Біз бұл жерден оған әсер ете алмайтынымызды бірден айтайын", - деп түсіндірді мәжілісмен.
Үкімет бағаның көтерілуін отандық жанармайдың шет елдерге тонналап шығарылуымен түсіндірген еді. Ринат Зайытовтың пікірінше, бұған тосқауыл қою үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің жұмысын қатаң қадағалау керек, "Бұл - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне үлкен сын. Тек қана бұл емес, кешегі генерал Күдебаевтың қашып кетуі де - ҰҚК шекара қызметінің жұмысын қатты қадағалауға алу керек деген сөз", деп санайды ол.
Зайытов елдегі тапшылыққа жол бермеу үшін жанармай бағасын өсіруден басқа шешім жоқ дейді.
"Шекараны тас қылып жауып тастай алмайды ғой. Өйткені біз алыс-жақын көршілерден тауар сатып алып, шекарадан өткізіп отырмыз, тарс жауып тастамаған соң, ол бәрібір шыға береді. Біздің елдің азаматтары да оңай жолмен байып кетуді көздейді. Жанармайды шетелге тасып жатқандардың бәрі Ресей азаматтары емес шығар, өз азаматтарымыз да болуы мүмкін. Олар да елімізде ертең тапшылық болып қалмай ма деп ойланбай жатыр ғой", - дейді Зайытов.
Айта кетері, сәуір айынан бастап АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 205 теңгеден, дизель отыны литріне 295 теңгеден сатылады.