Фото: Әлеуметтік желіден
2004 жылы сахнаға «жарқ!» етіп үш жас жігіт шықты. Олар өздерін «Azia» тобымыз деп таныстырып, «Ғажайып күй», «Кетеді жаным» сияқты лирикалық әндерімен көрерменнің жанын лезде баурап, көңілінен шықты. Бүгінде «Azia» тобының сахнада жүргеніне 21 жыл. Ult.kz тілшісі топ мүшесі-әнші Ринат Баситпен сұхбаттасып, бүгінгі шығармашылығы мен қазіргі жас өнерпаздарға көзқарасын сұрады.
Кезінде «Azia» тобының атағы дүркіреп тұрған еді, ал қазір ұмыт бола бастаған жоқ па?
Иә, ұмыт бола бастады. Жас кезде біздің фанатымыз көп болды. Қазір жаңа толқын келді ғой. Біз оларды түсіне алмаймыз. Олар бізді ғана емес, үлкен буынның бәрін басып тастады. Біз солардың арасында «Опмайды» шығарып, үйтіп-бүйтіп жүрміз ғой әйтеуір. Ал жаңа буын қандай ән жазса да бізді тартпайды, себебі олар мүлдем түсініксіз. Бірақ жақсы жағынан… Оларға қарап үлкен буын өзгеріп, дамып жатыр. Біздің жастарды шетел тыңдап жатыр.
Жастармен бірігіп ән жазу ойларыңызда бар ма?
Иә, жазып жатырмыз. Qanay ініміз бар, сонымен бірігіп ән жаздық. Тағы басқа бауырларымыз бар, олармен де бірігіп жазып жатырмыз. «Қандайсың, қандай!» әнін жаздық, ол жақсы кетті.
Qanay мен «Azia» тобының «Қандайсың, қандай!» әні
«Қазір басқаша жұмыс істеу керек»
Жастармен ән айту қиын емес пе?
Жоқ. Біздің 20 жылдық тәжірибеміз бар. Бізге ән айту, оны бір біріне келтіру мен үйлестіруде ешқандай проблема жоқ. Қазіргі проблема ‒ өту. Бұрын ән жазамыз, бір рет телеарнаға шығамыз, біздің әніміз хит болатын. Қазір ән жазып жатасың, жазып жатасың хит болмайды. Өйткені қазір басқаша жұмыс істеу керек. Оны жұмыс істету үшін қасыңда он адам жүруі тиіс. Бұрынғыдай өзің жазып, студиода шығара алмайсың.
Сахнада жүргендеріңізге 21 жыл болды. Осы уақыт ішінде Ринаттың «ғажайып күйі» қалай өзгерді?
Күй болған соң өмірмен өзгереді ғой бәрі. Көре келе өсесің, өнесің, өзгереді ғой бәрі.
Сіздердің хит әндеріңіз «Ғажайып күй» махаббат, сезім туралы ән ғой. Менің сұрайын дегенім, 21 жыл бұрын сіз жас жігіт болдыңыз, қазір қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасысыз. Қазір бір белесті өткердіңіз ғой, мүмкін қазір сезімдеріңіз бұлқынып жатқан шығар, мүмкін шығармашылық күйіңіз өзгеріске түсіп жатқан шығар? Біреулердің шабыты қырық жастан кейін ашылып, атақ-даңққа бөленеді, кей адамдар өмір ағысын мүлдем басқа жаққа бұрып жібереді. Сіздің ішіңізде қандай күй, қандай сезім?
Менің ішкі күйімді елдер сезгені бойынша, композиторлық, әншілік жаққа емес, әкімшілік, ұйымдастыру жағына тартып кетті. Мені өздері сұрап, шақырып Алматыдағы «Қазақконцерт» филиалының директоры етіп қойды. Оны мен істеген жоқпын, өздері «сіз болыңыз» деп қойды. Біз ол жерде қанша жыл жұмыс істедік, «Гүлдер» ансамблінде жұмыс істедік. Мен өңкей ССР халық әртістерімен бірге жұмыс істедім. Енді маған басқа жаққа қарай көшу керек болып тұр. Енді маған әншілерге көмектесу қажет, оларды көтеру керек. Композиторлық пен ән жазу менде екінші бағытта қалды.
Бағытыңыз өзгерді ғой сонда?
Жоқ, бағытым өзгерген жоқ, көзқарасым өзгерді. Өнер ‒ өнер болып қалды ғой. Ән жазуда ешқандай проблема жоқ, клип түсіру мен кино түсіруде өз командам бар. Бәрін қамтып қойдық. Енді кішкене басқа жаққа секіру керек, өсу қажет болып тұр.
Басшы Ринат пен әнші Ринат дейсіз ғой?
Иә. Тап сол ситуацияда боламын ғой (күліп).
Фото: Ринат Басит / әлеуметтік желіден
Әнші Ринаттан басшы Ринатқа дейін
Бұған дейін басшылықтың жұмысын түсінбеген боларсыз, енді басшылықтың да жұмысын түсіндіңіз. Бұрын әнші болып жүргенде әншілерге не жетіспейді, не қажет екенін білдіңіз, бірақ басшылардың жұмысын түсінбеген боларсыз.
Біз «Гүлдерде» жұмыс істедік. Қанша басшылар жұмыс істеп жатса да солардың жұмысын істеп, соларға көмектесіп жүрдік. Содан кейін ғой мені мына жаққа «сен бәрін көрдің ғой» деп әкелгені. Бұрын топтағы екі адамның көңіл күйін табуым керек еді, қазір отыз адамның көңіл күйін табуым қажет. Біздің концерттерімізге адамдар толық жиналады. Өйткені жұмыс істейміз, білеміз. Қазір жастар келіп сахна түзелді, микрофон түзелді, шығатын жеріміз әдемі, залға халық толды. Солай ары қарай да әрекет етеміз.
«Azia» тобының хит әні - Ғажайып күй
«Azia» эстрадалық бағытта ән айтатын танымал қазақстандық топ. Топта үш солист-әнші бар. Олар: Ринат Басит, Ербол Шәріпов, Нұрсұлтан Батырқұлов. 21 жылдың ішінде топ жүзден аса ән шығарып, халықтың көңілінен шыққан хит әндерді де орындады. Топ мүшелері осы уақыт ішінде өзгерді. Бұрын топта Нұрсұлтан Батырқұловдың орнында Азамат Тахиров болған. Қазір топ мүшелері әр түрлі бағытта өздерін сынап көріп жатқанымен «Azia» тобы ретінде да өнердегі жұмыстарын тоқтатқан жоқ.
Балжан Жеңісқызы
