Рим папасы Франциск тарихта тұңғыш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барды. Жексенбіде басталған Рим папасының үш күндік сапарының мақсаты – дінаралық диалог жөніндегі конференцияға қатысу.
Ақсақалдар мұсылман кеңесі аясында ұйымдастырылған конференцияда діни фанатизмге қарсы күрес талқыланады. Жиын өткізу туралы бастаманы Египеттегі әл-Азхар университетінің имамы Ахмед әл-Тайеб көтерген. Бұған дейін Папа Франциск онымен бірнеше рет кездескен.
Сапар кезінде Рим католик шіркеуінің басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мұсылман және буддизм қауымдастықтары өкілдерімен, тақ мұрагері ханзада Мұхаммед ибн Зайд әл Нахайянмен кездеседі. Сонымен бірге понтифик Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын, жалпы саны 900 мыңға жуық адамды құрайтын (шамамен ел тұрғындарының оннан бір бөлігі) католиктер қауымдастығының жай-күйімен таныспақ.
5 ақпанда Франциск Әбу-Дабиде Құдайға құлшылық рәсімін өткізеді, оған 130 мың билет түгелдей сатылып кеткен деп хабарлайды RFI.