24 ақп, 2021 сағат 08:12

Ричард Миллс: АҚШ Украинаның егемендігін қолдайды және Қырым аннексиясына қарсы

БҰҰ-дағы АҚШ уәкілінің міндетін атқарушы Бас ассамблеяның Украина шығысы мен Мәскеу аннексиялаған Қырымдағы жағдай бойынша талқылауында сөз сөйледі. Ричард Миллс ұйым мүшелерін адам құқығын бұзу мен Қырымды милитаризация мәселесіне назар аударатын резолюцияға дауыс беруге шақырды. 

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, Миллс АҚШ әріптестерімен бірге Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын бұдан әрі де қолдай береді және Қырымды жаулап алған Ресейдің әрекетін ешқашан мойындамайды деп шегелеп айтқан

"Украина аумағында әскер, танкілер мен қару-жарақтармен тұрған Ресей қақтығысты шешу мәселесінде өзін араағайындық жасаушы ретінде көрсеткісі келеді, шын мәнінде ол - қақтығысты өршітуші" деді Миллс. Оның сөзіне қарағанда, Ресейдің Қырымды милитаризациялауын күшейтуі - алаңдатарлық жағдай. 

Миллс Ресейді 100 украин саяси тұтқынын босатуға шақырып, Қырым татарлары мен Иегово куәлері және өзге де оккупацияға қарсы шыққандарды қудалауын доғаруға үндеді. 

"Ресей Украина шығысында агрессиялық әрекетін доғарып, Қырым аннексиясын тоқтатуы керек. Біз мұны талап етеміз әрі сұраймыз. Украинаның бейбітшілікке ұмтылысы айқын. АҚШ украиналық "Қырым платформасы"бастамасын жылы қабылдайды және Ресей агрессиясына төтеп беру үшін ұйымға мүше (БҰҰ) өзге де мемлекеттер осы дипломатиялық талпынысқа қосылу мүмкіндігін қарастырады деп үміттенеді" деді Миллс.

Азаттық