Қысқаметражды «Асан» көркем фильмі және «Ата кәсіп» деректі фильмі 24-30 сәуір аралығында Татарстанның астанасында өтетін XV халықаралық мұсылман киносы фестиваліне қатысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.
Аталған кинолар «Үздік қысқаметражды фильм» және «Үздік деректі фильм» номинациялары бойынша бақ сынайды. Бұл туындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірді.
Мұсылман киносы фестивалінің құрылтайшысы - Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігі. Аталған іс-шара Татарстан кинематографистер одағы мен Қазан мемлекеттік мәдениет институтының ұйымдастыруымен өтеді. Биыл фестивальдің конкурсына түскен фильмдерді Дания, Оңтүстік Корея сынды 10 мемлекеттің белгілі кинематографистері бағалайтын болады.
«Асан» қысқаметражды фильмі әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды. Ал «Ата кәсіп» деректі фильмі Қазақстанда тұратын өзбек халқы туралы, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын өзбек халқының өкілі, ата кәсіп - бесік жасаумен айналысатын қырық жеті жасар Абдиманноп Зупаров есімді шебердің өмірін баяндайды.
«Осы фестивальде менің екі бірдей фильмдерімнің көрсетілетініне қуаныштымын. Маған сеніп, қолдау білдіргендері үшін «Қазақфильм» киностудиясының басшылығына алғысымды айтамын», - деді фильмдердің режиссері Берік Жаханов.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр «Асан» фильмі 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында (әлемнің қысқаметражды туындыларына арналған) көрсетілген болатын. Сонымен қатар 2018 жылы картина бірнеше халықаралық кинофестивальдерге қатысып, көптеген жүлделерге ие болды, атап айтсақ, республикалық «Байқоңыр» фестивалінде «Үздік актер» жүлдесімен, Бакуде өткен 9-шы Халықаралық Start film festival кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен, «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясы бойынша «Құлагер» жүлдесімен, Ташкентте өткен «Пролог» кинофестивалінде арнайы жүлдемен және Екатеринбург қаласында өткен XV Халықаралық «Кинопроба» киномектебі фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды.
Ал «Ата кәсіп» деректі фильмі де бірнеше жүлделерге қол жеткізген болатын. Былтыр Алматыда өткен VII Халықаралық «Бастау» кинофестивалінде деректі фильм Ораз Әбішев атындағы жүлдені иемденді. Сондай-ақ Бауыржан Нөгербектің 70 жылдығына арнайы ұйымдастырылған кинофестивальде қазылар алқасының жүлдесімен және Vosmerka.kz сайтының арнайы жүлдесімен (тақырыпқа терең үңіліп, деректі фильмдерді түсіру дәстүріне бар ықыласпен берілген үшін) марапатталды.