Президенттік кадр резервіне енгендердің бойынан ұлы Абайдың «Толық адам» сипаттамасының белгілерін көруге болады. Мұндай пікірді жастар резервінен көрінген Әлібек Ыдырыс білдірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттік жастар кадр резервіне енуге арналған байқау 6 кезеңнен тұрды. Негізінде, байқауға дайындалудың қажеті болмады. Себебі, критерийлер қатысушылардың бойында бұрыннан қалыптасқан құзіреттіліктеріне және жинаған тәжірбиелеріне негізделген. Бұл негіздеме - басшылық қызметтегі адамның риясыз тұлғасы және халықпен етене жұмыс жасау, яғни халық үніне құлақ асатын, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу қабілетіне сай жасалған. Сондықтан, резервшілердің бойынан ұлы Абай атамыздың «Толық адам» сипаттамасының белгілерін көруге болады», - деді Әлібек Ыдырыс.
Оның айтуынша, Президенттік кадр резерві бойынша қызметке орналасуға көптеген ұсыныстар түскен және әлі де түсіп жатыр. Дегенмен, жас резервші әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының жеке қабылдауында болып, оның университет жанынан құрылған Биомедицина ғылыми зерттеу орталығының башысы болу тұралы ұсынысын қабыл алған.
«Бұл қызмет менің осы конкурсқа түсудегі мақсатымнан басқаша болғанымен, тәжірибе жинау үшін және бұл сала бойынша елімізде тұңғыш рет ашылып отырған орталықтықтың аяқтан тұрып кетуі үшін түскен ұсынысты қабыл алдым. Жастарға оқу-практикалық, ғылыми-зерттеу орталықтың ашылуы кезек күттірмейтін мәселе еді. Алда біздің орталық хрономедицина, биомассаж, акупунтура, фитопрепараттар, эндокринология, иммунология, профилактика, медициналық биофизика, ПЦР анализ және тағы басқа бағыттар бойынша жұмыс жасайды. Болашақта осы орталықты институт, одан ары республикалық ұлттық зерттеу орталығына айналдырсақ деген жоспарымыз бар», - деді жас резервші.
«Біз секілді жастарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кемеңгерлігімен «Президенттік жастар кадр резерві» атты жоба ұсынып, елге қызмет етіп, Қазақстанды дамытуға үлес қосуға мүмкіндік беріп отыр. Негізінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Қазақстанның болашақ фермерлері» деп аталатын жобамды қорғап, елімізде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша өз идеямды ұсынған едім. Екіншіден, әлі де болса елміздің солтүстік облыстарын қазақыландыру және дамыту бойынша жұмыс жасап, сол өңірлерге басшылық қызметке бару ойымда бар. Енді бес жылдан кейін өзімді халық және Президент сеніп тапсырған міндетті адалдықпен орындап, саясын жая бастаған бәйтерек ретінде көремін», - деді Әлібек Ыдырыс.
Айта кетейік, Әлібек Ыдырыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультеті, б иофизика және биомедицина кафедрасы меңгерушісінің ғылыми қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Аталған жоғары оқу орнының аға оқытушысы.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізген болатын. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарына үндеу жолдады.