16 қар, 2021 сағат 18:22

Ревакцинация неге 22 қарашада басталады?


ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда ревакцинация неге 22 қарашада басталатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ревакцинация науқаны 22 қарашадан басталады. Неге дәл осы күні екенін түсіндіре кетейін. Бізде вакциналау 1 ақпанда басталған болатын. Яғни, екінші доза 21 ақпанда салына бастады. Ақпан, наурыз және сәуір айларында «Спутник V» вакцинасы ғана қолданылды. Сонда ақпан мен наурызда екпе алғандар үшін ревакцинация мерзімі қараша, желтоқсан айларында, сәуірде екпе алғандар үшін қаңтарда басталады. Сәуірдің аяғында QazVac-тың алғашқы партиясы пайда болды. Сол алғашқы лекпен отандық вакцина алғандар екінші компонентін мамыр айында салдырды. Олар үшін ревакцинация мерзімі 6 ай екенін ескерсек, қарашаның аяғында олардың да кезектері келеді», - дед ол COVID-19 індетін таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram- каналында жарияланған сұхбаттың үзіндісінде.

Маманның айтуынша, жаппай ревакцинация келесі жылы басталуы керек.

«Осылайша 6 және 9 ай мерізмдерін ұстансақ, бірінші ревакцинацияның бастапқы кезеңі қарашада өтеді. Жаппай вакциналау сәуір айында басталғандықтан, қаңтардан бастап екпе алған халықтың бүкіл санаттары ревакцинация санатына кіреді. Осылайша әр ай сайын ревакцинация мерзімі келгендер біртіндеп екпені қайталап салғыза береді», - деді Айжан Есмағамбетова.