01 ақп, 2023 сағат 18:39

Reuters: АҚШ Украинаға 150 шақырымға дейін ұшатын ракеталарын береді

Фото: THETRUMPET.COM

АҚШ Украинаға құны 2 млрд доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін беруге дайындалып жатыр. Көмек пакетіне алғаш рет 150 шақырымға дейін ұшатын ракеталар енгізілген, - деп жазды Ақ үйдегі екі дереккөзге сүйенген Reuters басылымы.

Әңгіме жоғары дәлдікті GLSDB (Ground Launched Small Diameter Bomb) ракетасы жөнінде болып отыр. Қазір Украинаға жеткізіліп жатқан ракеталар 80 шақырымға дейін ұша алады.

Reuters Boeing компаниясы былтыр қарашада өзі өндіретін GLSDB қаруын Украинаға беруді ұсынғанын хабарлаған.

Жүйе ракетақозғалтқышы бар шағын диаметрлі бомбадан құралған. Өздігінен дәлдей алатын ракетаны HIMARS қондырғысынан да ұшыруға болады. Ол жүріп бара жатқан нысананы ондаған шақырым жерден атып түсіре алады.

Жүйе сипаттамасында оны ғаламдық GPS навигация жүйесімен басқаруға болатыны жазылған. Оны кез келген ауа райында іске қосуға болады деп айтылады.

GBU-39 оқтұмсығының жинала алатын шағын қанаттары бар. Бұл оған 100 шақырымнан асатын қашықтықтағы нысананы көздеуге мүмкіндік береді.

Вашингтон Киевтің 300 шақырымға дейін ұшатын ракеталарды беру туралы ұсынысын орындамаған. Ақ үй украин әскері оларды Ресей аумағына соққы жасауға қолданып, соғыс ушығып кете ме деп қауіптенеді.

Бұған дейін Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк Киев Мәскеу аннексиялап алған Қырымдағы нысандарға шабуыл жасауға мүмкіндік беретін ракеталарды жеткізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан.

Ақпаратқа қарағанда, АҚШ-тың жаңа әскери пакетінде Patriot пен Javelin-ге қажет қосымша жабдықтарды беру де қарастырылған.

Reuters-тің жазуынша, бұл көмекке қатысты ресми мәлімдеме осы аптада жасалады. Ақ үй әзірше түсініктеме беруден бас тартты.

АҚШ, Еуропа елдері, Жапония және Австралия Украинаға ондаған миллиард доллар көлемінде көмек берген. Көмек беру жағынан бірінші орында – АҚШ, одан кейін Ұлыбритания, Германия, Канада және Польша тұр.