Республика халқының 12,8 пайызы дауыс берді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Облыстардың, республикалық маңыз бар қалалардың сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2019 жылғы 9 маусым 10-00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 12,8 пайызы сайлау бюллетеньдерін алды. Олардың ішінде: Ақмола облысы бойынша 20,5, Ақтөбе облысы бойынша 16, Алматы облысы бойынша 17,7, Атырау облысы бойынша 8,5, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 15,5, Жамбыл облысы бойынша 16,5, Батыс Қазақстан облысы бойынша 7,4, Қарағанды облысы бойынша 10,1, Қызылорд облысы бойынша 11,1, Қостанай облысы бойынша 12,8, Маңғыстау облысы бойынша 9,7, Павлодар облысы бойынша 11,4, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 14,2, Түркістан облысы бойынша 14,5, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 10,3, Алматы қаласы бойынша 4,1, Шымкент қаласы бойынша 11,9 пайыз", - деді Ақылбек Ихданов.
Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңғы 07:00-де жұмысын бастады. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Айта кетсек, 2015 жылы 26 сәуірде өткен президент сайлауында сағат 10:00 кезіндегі жағдай бойынша сайлау бюллетенін тізімдегі сайлаушылардың 19,17%-і алған.
Орталық сайлау комиссиясы таңғы сағат 08:00-де сайлау учаскелері еліміздің барлық өңірінде ашылғанын хабарлады. Олардың жалпы саны 9920. Оның ішінде 15 шет мемлекетте 17 сайлау учаскесі жұмысын бастаған. Уақыт белдеуіне байланысты Қазақстанның бес өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында сайлау учаскелері елорда уақытымен 08:00-де ашылды.
Тізімге енгізілген сайлаушылар саны 11 миллион 947 мың 995 адамды құрап отыр.