18 қаң, 2023 сағат 17:05

Respublica партиясы ресми тіркелгенін мәлімдеді

Фото: Facebook/Aidarbek Khojanazarov

Respublica партиясы ресми түрде тіркеуден өтті. Бұл туралы партия жетекшілерінің бірі Айдарбек Ходжаназаров мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Достар, сүйінші! Біздің ресми өкіліміз Астана қаласындағы ХҚКО-ң бірінде Respublica партиясының тіркеу құжаттарын қолына алды. Енді біз - еліміздің жаңа, ресми тіркелген саяси күшіміз! Бұл ұзақ апталар мен айлап күткен және бірнеше рет тіркеуге жіберілмеген сәтсіздіктерден кейінгі - ортақ жеңісіміз! Алайда бұл сынақтар бізді тек қана күшейтті.⠀

Партияның тең төрағалары - Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шукижанова, Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков және Нұрлан Қоянбаевты елімізге оң өзгерістер әкелер жолындағы алғашқы жеңісімен шын ниетпен құттықтаймын!

Партияның барлық мүшесін, осы уақыттан бері бізге сенім артып, зор қолдау білдірген барлық адамды маңызды бастамамен құттықтаймын және сенімдеріңіз бен үкілеген үміттеріңізді ақтауға жұмыла кірісеміз дегім келеді.

Бүгіннен бастап біз партияның қызметін еліміздің әрбір өңірінде толық көлемде, ресми түрде жүргізуге құқылымыз. Болашақ біздің қолымызда, ағайын! Алға, Отандастарым! Алға, Respublica!" - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айында Әділет министрлігі Respublica партиясы тіркелгені туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.