Фото: Respublica партиясы баспасөз қызметі
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында жаңа депутат ант берді. Мәжілістегі Respublica партиясы фракциясы құрамында Руслан Берденовтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал босаған мандат партиялық тізімде тұрған Екатерина Смоляковаға берілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Екатерина Сергеевна Смолякова 1987 жылы 2 тамызда дүниеге келген. Оның «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білімі, сондай-ақ Қазақстан-Британ техникалық университетінде алған DBA дәрежесі бар. Смолякованың білім беру және басқару саласында айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар. Ол Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) проректоры болды, сондай-ақ мансап және түлектермен жұмыс орталығын басқарды.
2020 жылдан бері ол түрлі қоғамдық қызметке белсенді қатысып, KBTU Empowerment әйелдер клубын басқарады және Алматы облыстық №1 балалар үйінің Қамқоршылық кеңесінің төрайымы қызметін атқарады. Бұл бастамалар әйелдер мен жастарды қолдауға және дамытуға бағытталған.
Мандатты қабылдаған Екатерина Смолякова Respublica партиясына өзіне артылған сенімі үшін алғысын білдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру және заң шығару саласында жемісті еңбек етуге дайын екенін айтады. Ол өзінің Парламент Мәжілісіндегі жұмысында негізгі басымдықтарды білім беруді қолдау, әлеуметтік бастамаларды дамыту, сондай-ақ қоғамдағы әйелдер мен жастардың рөлін күшейту бағытында болатынын атап өтті.