03 нау, 2021 сағат 16:31

«Спутник V» вакцинасының құны арзандай ма?

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ресейлік «Спутник V» вакцинасының құнын төмендетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметінде жақында «Спутник V» құны екі есеге жуық арзандағаны туралы мәлімет тарағаны айтылып, Қазақстанда бұл екпенің бағасы қандай көлемде төмендейтіндігі сұралды. 

«Шынымен де осындай ақпараттық хабарлама болды. Осыған байланысты ресейлік тікелей инвестициялар қорымен арада жасалған меморандумдағы уағдаластыққа сәйкес, вакциналарға бағаны түзету бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдадық. Енді осыған қатысты ресми жауапты күтіп отырмыз. Бұл тұрғыда мәселе наурыз айының ортасына дейін жедел шешіледі деп үміттенемін», - деді Марат Шоранов. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, брифинг барысында Қазақстанда салынатын медициналық нысандар туралы айтылды. 

5 жылда 487-ден астам жаңа МСАК объектілері салынады және осы 2021 жылы 211 нысанның құрылысы жоспарлануда.

Оның ішінде 83 медициналық пункт, 70 фельдшерлік-акушерлік пункт, 57 дәрігерлік амбулатория және 1 емхана қамтылады.