16 қаң, 2019 сағат 10:16

Ресейлік саясаттанушы "Жусан" операциясына қатысты пікір білдірді

Ресейлік саясаттанушы, аймақтық проблемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев "Жусан" операциясына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің баспасөз қызметі жазды.

Қауіпті аймақтан азаматтарын қайтару арқылы Қазақ елі өзінің өркениетті мемлекет екенін көрсетті. Сондықтан, еліміздің бұл қадамын Батыс әлемі, жалпы өркениетті елдер лайықты бағалайды. Осылайша, аталмыш гуманитарлық шара Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджіне оң әсер етеді. Ұлттық арнаға жеке сұхбат берген аймақтық проблемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев осылай деді.

Ресейлік саясаттанушының айтуынша, Қазақстан "Жусан" операциясы арқылы азаматтары Сирияда жүрген өзге де ТМД елдеріне жол көрсетіп отыр.

Аймақтық проблемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев: "Адамдардың қиын жағдайдан құтқарылып, Отанына аман-есен келгені, Қазақстандағы құзырлы органардың кез келген жағдайда әрекет етуге қауқарлы екенін көрсетіп отыр. Бірақ, мен бұл операциядан тағы бір маңызды жайтты көріп отырмын. Жалпы, кез келген ел өркениетті болған сайын, ондағы әрбір адамның өмірі құнды бола түседі. Сондықтан, қазақ билігі өз азаматтарын құтқару арқылы, елдегі әрбір адамның өмірі бағалы екенін көрсетіп отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақ мемлекеті Сирияға өз еріктерімен кеткен азаматтарын далада қалдырған жоқ. Ең басты дүние – осы", - дейді.