04 шіл, 2021 сағат 13:33

Ресейлік сарапшылар адамдарда үнді штамы қалай байқалатынын айтты


Ресейлік пульмонолог дәрігер Алексей Никишенковтің айтуынша, коронавирустың «Дельта» атауы берілген үнді штамы асқазан-ішек жолының бұзылуы түрінде байқалуы мүмкін. Соңғы кезде көптеген ресейліктер осындай ауру белгілерін айтып шағымдануда. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әдетте біз алдымызда қандай штамм екенін білмейміз, себебі тәжірибемізде коронавирус түрлерін зерттеу жүргізілмейді. Бірақ соңғы уақытта, «Дельта» штамы тарала бастаған кезден бастап коронавирусқа шалдыққан пациенттердің асқазан-ішек жолының бұзылуы – іш өту, іштің ауыруына қатысты шағымдарын жиі айтатынын атап өткім келеді. Бұл бұрын болған жөтел, әлсіздік, миалгияға қосылған жаңа белгілер», - деді ол. 

«Дельта» штамын жұқтырып алған пациенттерде «асқазан ковидінің» пайда болуын иммунолог дәрігер Владимир Болибок та растады. 

Қазіргі кезде басып кірген ковид үшін «Дельта» штамы «асқазан синдромы» немесе «асқазан ковиді» сипатында. Аурудың бұрынғы белгілеріне енді іштің ауыруы, құсу және іштің өтуі жиі қосылып отыр», - деп баяндады ол. 

Бұл ретте вирусолог дәрігер Виктор Ларичев өз кезегінде коронавирустың уханьдік штамын жұқтырып алған пациенттерден анықталған ауру белгілері үнді штамымен бірдей екеніне сенімді. «Ауру белгілері өзгерген жоқ. Барлық инфекциялық аурулар кезінде бірінші кезекте дене температурасы көтеріледі – бұрын қандай болды, солай қалған», - деп атап өтті ол. 

Ресми түрде «Дельта» атауын алған коронавирустың бір түрі алғаш рет өткен жылдың қазанында Үндістанда анықталған. Бұған дейін Бүкілүнділік медициналық зерттеулер институты вирустың бұл нұсқасы адамдарға Үндістанда қолданылып жүрген Covaxin және Covishield вакциналарын салдыртқан соң да жұға алатнын мәлімдеді. Ал бұл штамның «Дельта плюс» атты нұсқасы одан да жұқпалы.