06 шіл, 2020 сағат 20:00

Ресейлік дәрігерлер: Кетуге асықпаймыз, біз қазақстандықтарға көмекке келдік

Коронавируспен күреске көмектесу үшін Қазақстанға келген ресейлік делегация басшысы Ресей Денсаулық сақтау вице-министрі Олег Гриднев бұл індетпен күресте мол тәжірибе жинағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Делегация негізінен Ресей тұтынушылар құқығын және адамның әл-ауқатын қорғау саласындағы қадағалау жөніндегі федералды қызметтің Мәскеу облысындағы ауруханаларда коронавирусты емдеуге жұмылдырылған дәрігерлерінен жасақталған. Олардың қатарында реабилитологтар, инфекционистер, пульмонологтар, эпидемиологтар бар. Негізгі топ - Мәскеу облысының дәрігер мамандары. Өздеріңіз білесіздер, Мәскеу облысында індет саябырсыды. Сондықтан осындай деңгейдегі мамандар бауырлас Қазақстан Республикасына көмек көрсете алады. Іс-қимыл жоспарымызды Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен келісеміз», - дейді Олег Гриднев. 

Сонымен қатар ол ресейлік дәрігерлердің Қазақстанға келудегі негізгі мақсатын да айтып берді.

«Ең алдымен пациенттерді амбулаторлық, госпитальдік кезеңде коронавирус инфекциясынан емдеу әдістерімізбен бөліскіміз келеді. Ресей Федерациясы талай дүниені бастан кешірді. Бұл тәжірибемізді, пациенттердің жанын сақтап қалу, оттегімен қамтамасыз ету тәжірибемізді таратуға дайынбыз. Осында келген дәрігерлердің барлығы да мұндай дағдыны меңгерген әрі білімі де бар. Біз Қазақстандағы ахуалды түсініп, әріптестерімізден кеңесіп алуымыз қажет. Кетуге асығатын ойымыз жоқ, көмекке келдік қой», - деді ол. 

Бұған дейін Ресейден бір топ дәрігердің Қазақстанға келгенін хабарлаған едік.