04 қаң, 2019 сағат 11:21

Ресейдегі Украина азаматтары өзге үш ел елшіліктерінде дауыс береді

Украина Ресейдегі елшілігінде орналасқан бес сайлау учаскесін осы елдегі Қазақстан, Грузия және Финляндияның елшіліктеріне көшіреді. Бұл туралы "Украинская правда" газетінде жарияланған мақалада елдің сыртқы істер министрі Павел Климкин жазды.

Климкиннің сөзінше, сайлау учаскелері Украинаның дипломатиялық өкілдіктерінен үш ел елшіліктеріне Ресейде тұратын Украина азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыстырылады.

Министр Киев, ең алдымен, "әкімшілік ресурс пен үгіт-насихат тегеурініне қарамастан сайлау комиссиясының мүшесі болуға немесе сайлауға қатысуға бел буған Украина азаматтарының қауіпсіздігіне алаңдайтынын" айтады.

Соңғы жылдары Мәскеудің үгіт-насихаты Ресейдегі Украинаға қарсы көңіл-күйді күшейткенін айтқан Климкин дауыс беру күні қауіпті арандатулар болмайтынына кепілдік бере алмайтынын айтады.

"Украиналық сайлаушылар да, қызметкерлеріміз де, түптеп келгенде дипломатиялық өкілдіктер де зардап шегуі мүмкін. Бұдан өзге, дауыс беруге қатысқандардың бәрі Федералдық қауіпсіздік қызметінің бақылауына міндетті түрде алынатыны және ұзамай қуғынға ұшырауы мүмкін екені күмәнсіз" деді Климкин.

Украина сыртқы істер министрінің сөзінше, Киев "басқыншы ел аумағында еркін әрі әділ сайлау өткізу мүмкін емес және оның саяси әрі заңдық мәні жоқ" деп санайды.

Украинада президент сайлауы 31 наурызда өтеді. Президенттікке кандидаттарды тіркеу 31 желтоқсанда басталды. Кандидаттар 2019 жылдың 3 ақпанына дейін тіркелуі тиіс. Сайлау комиссиясы кандидаттар есімін 8 ақпанда жариялайды.

Іс басындағы президент Петр Порошенконың сайлауға түсуге құқығы бар. Бірақ ол сайлауға қатысатыны туралы әлі мәлімдеме жасамады.

"Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимощенко 2018 жылы маусымда сайлауға түсетінін хабарлаған. "Социс" әлеуметтік ұйымының зерттеуінше, сайлауда негізгі бәсеке Порошенко мен Юлия Тимощенко арасында өтеді.