Қорған облысының Макушин ауданында алғашқы қазақ сыныбының ашылуына орай Солтүстік Қазақстан облысынан делегация барып, әдістемелік оқулықтарды сыйға тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қорған облысында бүгінде 12 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады. Ересектер жағы ана тілін және ұлттық мәдениетті үкіметтік емес ұйымдардың құрамында қоғамдық қызметті жүзеге асыру барысында қолдануға мүмкіндік алса, балаларға қазақ тілін меңгеру қиындық тудыратын. Бұл мәселе енді шешімін тауып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының мәліметінше, игі бастамаға Қорған облысы қазақтарының Ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов мұрындық болды. Макушин ауданында қазақ сыныбының ашылу салтанатына өңірден тілдерді дамыту жөніндегі басқарма, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы және «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері кірген делегация барды.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы шекаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша маңызды мәселелерді талқылады.
«Қазақы дәстүр бойынша сынып оқушылары мен олардың ата-аналары бізді шашу шашып қарсы алды. Қазақ сыныбының ашылуы елдегі ұлтаралық келісімді бекітеді, екі облыстың ғана емес, Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты дамытады. Мұндай іс-шаралар әлеуметтік-саяси, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында өзара тәжірибе алмасуға мықты тұғырнама», - дейді делегация мүшелері.
Солтүстікқазақстандықтар Ресей қазақтары үшін құнды сыйлық - қазақ тілін үйрену бойынша ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді ұсынды. Оқу құралдарының 50-ге жуық данасы оқушыларға тілді тиімді және тереңдетіп оқуға мүмкіндік бермек.