Ресейде коронавирус жұқтырғандар 400 мыңнан асты. 31 мамырда жедел штаб осындай мәлімет таратты. Өткен тәулікте 9268 адамнан коронавирус табылған. Науқастар саны қатарынан үш күн артқан.
Сенбі күні елде 138 адам коронавирустан қайтыс болған. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда аз. Биліктің айтуынша, елде коронавирустан жалпы 4693 адам қайтыс болған.
Барлығы 405 843 адамға вирус жұққаны анықталған. 171 мыңнан астам адам жазылған. Емделіп жатқандар саны апта басында азайғанмен қазір қайта артқан.
Мәскеуде бір күнде шамамен 2,5 мың адамнан коронавирус табылды. Бастапқыда қалада науқастар көбейгенмен қазір азаюы байқалады.
Коронавируспен байланысты әсіресе адам өліміне қатысты ресейлік статистика мамандар арасында күмән туғызады. Мәскеу билігі сәуір айында тіркелген адам өлімі туралы мәліметті жариялаған. Оған сәйкес, COVID-19 диагнозы қойылған қайтыс болған адамдардың жартысына жуығы коронавирус бойынша ресми статистикаға енгізілмеген. Биліктің айтуынша, оларға коронавирус инфекциясы жұққанмен өлімінің негізгі себебі коронавирус емес.
Соңғы кезде Ресейдің бірқатар аймақтарында карантин ережелері жұмсара бастаған. Мәскеуде 25 мамырдан бастап аптасына үш рет кесте бойынша серуендеуге рұқсат етілген.Бұған қоса, азық-түлік емес дүкендер мен қызмет көрсету саласындағы бірқатар кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Дегенмен маска режимі қатаңдатылған - енді масканы тек ғимарат қана емес, көшеде тағып жүру міндет.