20 жел, 2019 сағат 09:17

Ресейде "интернетті оқшаулау" бойынша жаттығу өтеді

Ресейдің байланыс министрлігі байланыс операторлары мен ведомстволарға Рунетті оқшаулауға байланысты жаттығу өткізу бойынша нұсқаулықтар жіберді. Байланыс министрі Константин Носковтың қолы бар құжат Телеграмда жарияланды. "Ростелекомның" баспасөз қызметінің жетекшісі Андрей Поляков байланыс министрлігінен нұсқаулық алғанын растады.

Бастапқыда Ресейді "тұрақты, қауіпсіз әрі мінсіз жұмыс істейтін" интернетпен қамтамасыз етуді мақсат ететін жаттығу 19 желтоқсанда өтеді деп хабарланған еді. Бірақ кейінірек оның 23 желтоқсанға белгіленгені айтылды.

Жаттығу кезінде "абоненттік трафикке тосқауыл жасау және абонент жайлы ақпарат алуға тырысу, байланыс қызметтерін бұғаттау ықтималдығы" тексерілмек.

Ресейде "интернетті оқшаулау" туралы заң 2019 жылы көктемде қабылданған. 1 қарашада күшіне енген. Бұған дейін Ресейдің билік өкілдері құжат бүкіләлемдік интернет ажырап қалған жағдайда Ресей интернетінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп айтқан. Оның атқарылу барысын Роскомнадзор қадағалайды, ал оператор желілерінде қорғау құралдарын орнату мен пайдалану тәртібін Ресей үкіметі бекітеді деп айтылған. Заңға қарсы азаматтар "автономды желі" интернетте жаппай цензураның пайда болуына ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді.