06 жел, 2019 сағат 17:35

Ресейде "экстремизмге шақырды" деп айыпталған блогер Жуковқа шартты жаза берді

Студент, блогер Егор Жуков сот үкімінен кейін. Мәскеу, 6 желтоқсан 2019 жыл.

Мәскеу соты "экстремизмге шақырды" деп айыпталған танымал блогер Егор Жуковтың бас бостандығын үш жылға шектеді. Сот үкімін оқыған судья оның "интернет арқылы экстремистік әрекет жасауға шақырғаны анықталды" деді. Ресей қоғамында оның ісінің "саяси астары бар" екені айтылады.

Сот үкімі 6 желтоқсанда Кунцев аудандық сотында оқылды. Мәскеудегі Жоғары экономика мектебінің студенті Егор Жуковты қолдау үшін сотқа жүздеген адам келді.

Жуков тамыз айында Мәскеуде наразылық жалғасып жатқан кезде қамалған. Жаз айларында Мәскеу тұрғындары саяси жүйенің қуғындау саясатына қарсы шыққан.

- Бұл нағыз жеңіс емес, әрине. Барлығыңызға көп рахмет! - деді Жуков сот үкімінен кейін.

4 желтоқсанда соңғы сөзін айтқан Жуков "Ресейдегі ахуал адамның өркендеуі үшін жасалған кез келген мүмкіндіктің тамырына балта шабады" деп мәлімдеген.

"Ресей мемлекеті бір ғана әлеуметтік саясатты жүйелі түрде жүргізіп отыр - бұл адамдарды бір-бірінен ажырату. Осылайша мемлекет бізді көз алдымызда адамдық келбетімізден айырып жатыр" деді Жуков соңғы сөзінде. Оның "соңғы сөзі" интернетте жылдам тарады.