Ресейде "Сеть" тобына қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталып, Санкт-Петербург қаласындағы тергеу изоляторында отырған Қазақстан азаматы Виктор Филинков аштық жариялады. Бұл ақпаратты "МБХ медиа" сайты хабарлады, деп жазады Азаттық.
Филинковтың адвокатының сөзіне қарағанда, оның қорғауындағы азамат Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні саяси тұтқындарға осылайша қолдау білдіргісі келген.
"Айыпталушы ешқандай талап айтқан жоқ" деді адвокат.
"Сеть" деген атпен белгілі топтың мүшелерінің үстінен қылмыстық іс 2017 жылы күзде қозғалған. Бұл іс бойынша Пенза мен Санкт-Петербургте 11 адам қамауға алынған. Тергеу орындарының дерегінше, бұл топтың мүшелері Ресей президентінің сайлауы және әлемдік футбол чемпионаты (2018 жылы Мәскеуде өтті) кезінде теракт жоспарлаған. "Қоғам тыныштығын шайқалтуға" тырысқан, "қарулы көтеріліс ұйымдастырғысы келген".
Төрт айыпталушы, олардың арасында Виктор Филинков та бар, бұған дейін "қылмысты мойындату" мақсатында өздерін азаптағанын, тергеу изоляторының жертөлесінде электрошокермен қинағанын айтқан. Бұл іс бойынша айыпталған бір азамат кейінірек куәгерлер қатарына өтіп, босап шықты. Ол Филинковтың әйелі сияқты жеке басының қауіпсіздігіне алаңдап, Финляндияға кетіп қалды. Сол жақтан саяси баспана сұраған.