06 қыр, 2018 сағат 10:23

Ресейде ән салған Димашқа көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті (Видео)

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Сочидегі «Новая волна» жас әншілердің халықаралық байқауында алғаш рет ән шырқады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Димаш байқаудың алғашқы күні A'Studio тобының шығармашылық кешінде өнер көрсетті. Оған Ресей эстрадасының жұлдыздары, қазақстандық әншілер - The Jigits тобы мен рэппер Jah Khalib те қатысты. Димаш A'Studio-ның «Грешная страсть» композициясын орыс тілінде орындап, жиналғандардың қошеметіне бөленді.

Әннің соңында зал ду қол шапалақ соғып, гүл шоқтарын сыйлау үшін сахнаға ұмтылды. Өз кезегінде Димаш оларға алғыс білдіріп, Қазақстанға шақырды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Димаш Құдайберген Ресейде өтіп жатқан "Жас толқын" байқауына арнайы шақыртумен келді. Алайда қатысушы ретінде емес, құрметті қонақ ретінде қатысты.

"Жас толқын" байқауының қонағы болып, Ресейге табан тіредік. Байқау басталды. Енді байқаудың жабылу салтанатында өнер көрсетемін. Барша көрерменге үлкен рахмет. Сочиге келгелі әуежайда тамаша концерт қойып, дәм-тұзбен күтіп алған көрермендерімнен айналдым. Құрметтеріңізге үлкен алғыс", — деді әнші.

Димаштың өнеріне тәнті болған белгілі композитор Игорь Крутой мен әнші Ани Лорак, залдағы көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Ал фанаттары Димаштың құшағын гүлге толтырды. Бұл жолы да жүргізуші "Николай Басков мұны көрсе, жүрек талмасы ұстап қала ма деп қорқамын" деп әзілдеді. 

Ресейлік танымал әнші Филипп Киркоров та Димаш Құдайбергеннің талантын ерекше бағалаған. Бұл туралы "Муз-ТВ" телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров инстаграмдағы парақшасында жазды. Оның жазбасының астына пікір қалдырған белгілі ресейлік әнші Николай Басков "Керемет!" деп тамсанған.

"Бүгін "Жас толқын" байқауында әйтеуір дегенде Димаш Құдайбергенмен таныстым. Бұл жігіт өте талантты және Қазақстан мен Қытайда ерекше танымалдылыққа ие! Бүгін "А-studio"әнімен ресейлік тыңдармандарды таң-тамаша еткен жайы бар. Тіпті, эстрада королі Киркоровтың өзі Димаштың табыстылығын лайық деңгейде бағалады", — деді ол.

Айта кетейік, «Новая волна» байқауы 2002 жылдан бері өткізіледі. Оның негізін қалаушылар - композиторлар Игорь Крутой және Раймонд Паулс. Танымал әнші Алла Пугачева байқау қатысушыларының музасы, ол 2005 жылдан 2014 жылға дейін өзінің «Золотая звезда Аллы» сыйлығын табыс етіп келген болатын. Оның сыйлығын қатарынан екі рет алған жалғыз қатысушы - Қазақстанның «Rin'Go» тобы (2007 және 2011 жылдары).

«Новая волна-2018» байқауында Қазақстан атынан астаналық Мадияр Жүнісов (сахнада - Mad June) қатысып жатыр.