30 қаз, 2022 сағат 10:17

Ресей Украинаға астық экспорттауға мүмкіндік берген келісімді тоқтатқанын мәлімдеді

pixabay

Ресей Украинаға Қара теңіз порттарынан астық экспорттауға мүмкіндік беретін, халықаралық делдалдық арқылы жасалған мәмілеге қатысуын тоқтататынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Мұндай шешім Ресей Украинаны Қырымдағы Севастополь қаласында орналасқан Қара теңіз флотына жаппай дрон шабуылын жасады деп айыптағанына бірнеше сағат өткен соң қабылданған.

"Ресей тарапы "Қара теңіз бастамасына" қатысатын азаматтық құрғақ жүктің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды және оны жүзеге асыруды бүгіннен бастап белгісіз мерзімге тоқтатады. Ыстамбұлда орналасқан украиналық азық-түлікті тасымалдауды бақылайтын бірлескен үйлестіру орталығындағы Ресей өкілдеріне тиісті нұсқаулар берілді", - делінген Ресей СІМ мәлімдемесінде.

Ресей Қорғаныс министрлігі сенбідегі шабуылда пайдаланылған дрондар астық мәмілесіне қатысты кемелерге бағытталғанын айтты. Министрлік мәліметінше, бір кемеге шамалы зақым келген.

БҰҰ өкілі Түркиямен келісімге делдал болған ұйым Мәскеумен байланыста екенін айтты. Ол "барлық тараптың Қара теңіздегі астық бастамасына қауіп төндіретін кез келген әрекеттен бас тартуы маңызды" екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, келісім Украинаға қақтығыс басталғаннан кейін қиындық туғызған Қара теңізден астық экспортын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Экспортты БҰҰ бас хатшысының өзі келісіп, мұны жаһандық азық-түлік дағдарысын жеңілдетуге көмектескен ірі дипломатиялық жеңіс ретінде атап өткен еді.