Сурет: korrespondent.net
Ресей әскері 16 ақпанға қараған түні Украинаға зымыранмен жаппай шабуыл жасады, деп жазады Азаттық радиосы.
Украина әскери-әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей ұшақтары мен кемелері 32 қанатты зымыран жіберген, оның 14-і атып түсірілген.
"Х-22 қанатты зымырандарының бір бөлігі нысанаға жетіп, маңызды инфрақұрылым нысандарын қиратты. Қазір ракетаның бұл түрін жоя алатын қару жоқ" деп жазылған хабарламада.
"Соққы салдарынан Днепропетровск облысының Павлоград қаласында 79 жастағы әйел қаза болды" деп мәлімдеді жергілікті билік. Жеті адам жараланған, екеуі ауруханаға жатқызылған. Бірнеше тұрғын үй қираған, өнеркәсіп орны бүлінген.
"Павлоградта түнде сұмдық болды. Түнгі сағат 3-те жұрт шырт ұйқыда жатқан шақта жау зымыранмен қалаға соққы жасады" делінген Днепропетровск облысы әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысактың хабарламасында.
Сонымен қатар Полтава, Львов және Кировоград облысына соққы жасалғаны да хабарланды. Львов облысының билігі инфрақұрылым нысандары қирағанын растап отыр.
Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Ресей барлау жүргізіп, жалған нысаналарды пайдаланып, ракета шабуылын жасау тактикасын өзгертіп жатыр деді.
Ресей қорғаныс министрлігі оқиғаға түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Украинаға ірі ракета шабуылы 10 ақпанда жасалған. Сол кезде Украина қарулы күштері Ресей әскері бір күнде 106 ракета жаудырды деп мәлімдеген.
Мәскеу тағайындаған губернатор 16 ақпанда Ресей аннексиялап алған Севастопольде бірнеше украин дроны атып түсірілгенін айтты. Украин жағы да ақпаратқа түсініктеме бермеді.