05 жел, 2019 сағат 19:55

Ресей мен Украина шиеленісі Қазақстанға тиімсіз – Дәурен Абаев

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Немецкая волна» телерадиокомпаниясына берген сұхбатына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресей мен Украина шиеленісі Қазақстанға барлық жағынан тиімсіз. Екі халық та бізге тең дәрежеде жақын. Ресейліктер мен украиналықтар да өз арасында бауырлас, оны өздері де біледі. Сондықтан біз шиеленістердің тезірек және бейбіт шешілуіне мүдделіміз», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, соғыс майданда емес, адамдардың ой-санасында жүріп жатыр.

«Не бізбен біргесің, не жаусың» деген ұстаным белең алды. Ал, келешек келіссөздерге зиян келтірмеуді көздейтін кез келген ұстаным беру әрекеті теріс қабылдануда. Негізінде біз сөз бен интонациялардың тұтқынына айналдық. Біздің Президент нағыз дипломат ретінде аннексияның тым ауыр тұжырымдама екенін айтты. Ол ешкімді айыптаған жоқ, ешкімді қолдаған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндай сөздердің бағасын түсініп, үзілді-кесілді ештеңе айтқан жоқ», - деді Д. Абаев.

Сонымен бірге, Д. Абаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан аумағында Ресей мен Украина басшылары арасында келіссөздер өткізуді ұсынғанын еске салды.

«Арадағы осындай оқиғалардан біздің еліміз көтерген бейбіт бастамалар көлеңкеде қалып қойды. Мәселен, жақында ғана біз Ресей мен Украина басшылары үшін өз алаңымызды ұсынған едік. Біздің бұл мәселе бойынша әрекетіміз – осы», - деді Дәурен Абаев.