21 мау, 2017 сағат 11:17

Ресей Қырғызстанның 240 миллион доллар қарызын кешірді

Ресей және Қырғызстанның қаржы министрлері екі ел арасындағы қарыздарды реттеу туралы хаттамаға қол қойды. Құжат қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Ресейге ресми сапары барысында қабылданды.

Хаттама бойынша, Ресей Қырғызстанның 240 миллион доллар қарызын кешіреді. Ресейге қарыз "Қырғызстанның дамуына көмек" есебінде өшіріледі.

Бұған дейін - 2016 жылдың алғашқы тоқсанында Ресей Қырғызстанның 30 миллион доллар берешегін кешірген. Соңғы 11 жылдың ішінде Ресей бұл елдің 703,2 миллион доллар берешегін жойып отыр.

Атамбаевтың Ресейге сапары барысында екі ел арасындағы одақтастық пен стратегиялық әріптестікті нығайту туралы жаңа декларация қабылданды. Құжаттың негізгі бөлігі терроризммен күреске арналған.

"Тараптар ортақ әскери-стратегиялық кеңістік аясында бірлескен қорғанысты күшейтеді" делінген декларацияда. Атап айтқанда, Ресей мен Қырғызстан бірлескен аймақтық зымыраннан қорғаныс кешенін құруға келісті.