Украина билігі Ресей әскері Харьков пен Запорожьедегі инфрақұрылымдарды зымыранмен атқылағанын хабарлады. Жараланғандар бар, деп жазады Азаттық.
Харьков мэрі Игорь Терехов 21 қазанда таңертең қалаға шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
"Харьковте жарылыстар болды. Өте сақ болыңыздар" деп жазды ол Телеграм-арнасында.
Оның айтуынша, Харьковтегі кәсіпорындардың біріне зымыран түскен. Кәсіпорын аумағындағы әкімшілік-өндіріс ғимараты қираған.
Харьков облысының басшысы Олег Синегубов орыс армиясының соққысынан кейін бес адамның жараланғанын айтты. Бұған қоса, өнеркәсіп инфрақұрылымдары да бүлінген. Кейін ол жараланғандар саны алты адам болғанын жеткізді.
Ресей қорғаныс министрлігі Харьковке соққы жөнінде хабарламады, алайда екі аптадан бері Украинаның энергетика нысандарын зымыранмен атқылап жатқанын растап келеді.
Ресей әскерінің шабуылы жалғасып жатқан тұста Запорожье облысы әкімшілігінің жетекшісі Александр Старух халықты бомбадан қорғайтын орындарда қалуға шақырды.
Кейін ол шабуылдың нәтижесінде қалада зымыран сынықтары қалуы мүмкін екенін ескертіп, бөлшектерге жоламауға үндеді.
"Қарсылас жақтың соққысынан алдын ала мәлімет бойынша тұрғын үйлер мен қала инфрақұрылымы қирады. Қираған нысандар мен зардап шеккендер жайды ақпарат анықталып жатыр" деді шабуылдардың жай-жапсарына тоқталған Запорожье қалалық кеңесінің хатшысы Анатолий Куртев.