22 мау, 2020 сағат 13:33

Ресей Қазақстан азаматы Виктор Филинковті "терроризм"айыбымен 7 жылға соттады

Санкт-Петербург соты "террористік қауымдастыққа қатысы бар" деген айыппен 25 жастағы Виктор Филинковті жеті жылға, 28 жастағы Юлий Бояршиновті 5,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттық радиосының Север.Реалии медиажобасының тілшісі хабарлады.

Ресей билігі қазақстандық Виктор Филинков пен ресейлік Юлий Бояршиновті "Желі" деп аталатын анархиялық сипаттағы террорлық қауымдастықтың петербургтық бөліміне кірді деп айыптады. Кремльдің пікірінше, "Желі" қауымдастығы билікті құлатуды” көздейді.

Айыпталушылар тағылған айыпты жоққа шығарып, істің қолдан жасалғанын айтты.

Прокуратура Юлий Бояршиновке алты жыл, Виктор Филинковқа тоғыз жыл сұраған еді.

Қылмыстық істі Ресей федералды қауіпсіздік қызметі 2017 жылдың қазанында қозғаған. Ол іс бойынша Пенза, Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларының 11 тұрғыны қамауға алынып, кейіннен босатылды. Олардың көбі – анархистер мен антифашистер. Тергеу қызметінің сөзінше, жас азаматтар теракт жасау және билікті құлату мақсатында желілік қауымдастық құрған.

Филинков та, басқа айыпталушылар да федералдық қауіпсіздік қызметі істі қолдан жасағанын, мойындау түсініктемесін зорлықпен жаздырғанын айтты. Тергеу комитеті қауіпсіздік қызметінің әрекетін заңсыз ешнәрсе таппағанын мәлімдеді.