23 қаң, 2021 сағат 13:18

Ресей қалаларында Навальный жақтастарының жаппай наразылығы өтіп жатыр

Үскірік аяз бен полицияның қысымына қарамастан, Ресей қалаларында мыңдаған адам оппозициядағы саясаткер Алексей Навальныйды қамаудан босатуды талап етіп, митингіге шықты.

Кремльді өткір сынап жүрген Навальный Германияда ем алып келген бетте, 17 қаңтарда Мәскеу әуежайында ұсталған. Былтыр тамызда "Новичок" уымен уланып, ес-түссіз күйінде Германияға жеткізілген ол сонда ұзақ уақыт емделіп, еліне қайтқан еді.

Алғашқы демонстрациялар Қиыр Шығыс пен Сібірде өтті. Хабаровск, Владивосток және басқа қалаларда күннің суықтығына және қауіпсіздіктің күшейтілгеніне қарамастан, жүздеген адам көшеге шықты.

Полиция белсенділігіне бақылау жасап отыратын "ОВД-инфо" тобының мәліметі бойынша, ондаған адам ұсталған, полицейлер ұсталғандардың кейбірін ұрып жатыр деген де ақпарат бар.

Владивостокта түсірілген видеода арнайы киім киіп, резеңке шоқпар ұстаған полицейлер наразыларды күшпен таратуға тырысып жатқаны байқалады.

Қатты желге және ауа райының 50 градусқа дейін суытқанына қарамастан, Қиыр Шығыстағы Якутск қаласында жұрт наразылық шарасын өткізген.

Әдетте билікке наразылық жиындарына кісі көп жиналатын Мәскеуде Пушкин алаңында демонстрация өтпек.

Ресейдің 65 қаласында ұйымдастырылады деген жаппай наразылық қарсаңында полиция Навальный жақтастарын ұстап, әлеуметтік медиа платформаларында "рұқсат етілмеген митингіге" шақырған адамдарға айыппұл салынады деп ескерту жасады.

Пандемия мен экономикалық тоқырау кезінде, қыстың ортасында өтіп жатқан Навальный жақтастарының бұл наразылығы қыркүйекте өтеді деген парламент сайлауының қарсаңында Ресей билігі үшін үлкен сынақ болмақ.

Кремль әдетте 44 жастағы Навальныйдың қоғамдағы рөлін елемегендей сыңай танытады, дегенмен оппозиция белсенділерінің айтуынша, құқық қорғау органдарының Навальный мен оның жақтастарына қарсы әрекеті биліктің одан қатты қорқатынын айғақтайды.

"Кремль наразылықтың алдын алмақ болған жанталас үстінде өзін өзі аяғынан атты. 23 қаңтардағы демонстрация бірден нәтиже бермеуі мүмкін, бірақ Алексей Навальныйды босатуды талап етеміз және мұндай акциялар қайта-қайта өткізіле береді" деді Азаттықтың "Настоящее время" арнасына сұхбат берген "Жемқорлықпен күрес" қорының үйлестірушісі Леонид Волков.

Тюмень қаласындағы оппозиция митинг. Ресей, 23 қаңтар, 2021 жыл.
Тюмень қаласындағы оппозиция митинг. Ресей, 23 қаңтар, 2021 жыл.

Соңғы күндері полицейлер тінту жүргізіп, белсенділерді қамау арқылы наразылықты күшпен басып тастауға әзір екенін аңғартты.

Навальный жақтастары биліктің "көшеге шықпа" деген ескертуін елемеуге шақырды.

"Рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды" деп қамауға алынған Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Twitter арқылы үндеу жасады. "9 тәулікке қамалдым. Бірақ сіздер не істеу керегін білесіздер. 23 қаңтар, сағат 14:00-де қаланың басты көшелеріне шығыңыздар" деп жазды Ярмыш.

Азаттық