15 қаң, 2020 сағат 18:01

Ресей премьері Медведев Үкіметтің отставкаға кеткенін жариялады

Ресей Федерациясының Үкіметі толық құрамда отставкаға кетеді. Бұл туралы Министрлер кабинетінің басшысы Дмитрий Медведев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Медведевтің сөзінше, Владимир Путиннің 15 қаңтарда халыққа жолдауында айтылған Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысынан кейін Үкімет тарату шешімі қабылданған.

«Атап өтілгендей, талқылаудан кейін аталмыш өзгерістер қабылданған жағдайда, олар Конституцияның бірқатар баптарына ғана емес, сондай-ақ тұтастай биліктің, атқарушы биліктің, заңнамалық биліктің, сот билігінің балансына айтарлықтай өзгерістер енгізеді. Бұл контекстте Ресей Федерациясының Үкіметі ретінде ел Президентіне барлық қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беруіміз қажет екені түсінікті. Осы жағдайда РФ Конституциясының 117-бабына сәйкес Ресей Федерациясының Үкіметі бүгінгі құрамында отставкаға кеткені дұрыс деп санаймын», - деді Медведев.

Путин 15 қаңтардағы жолдауында Конституцияға өзгеріс енгізіп, Президент өкілеттілігінің жартысын Мемлекеттік думаға беруді және екі азаматтығы бар не шетелде тұрақты тұруға рұқсаты бар адамның Президенттік сайлауға түсуіне тыйым салуды ұсынған еді. Бұдан бөлек, ол Конституцияның "бір адам екі рет қатарынан Президент болып сайлана алмайды" деген тұсындағы "қатарынан" деген сөзді алып тастауды да ұсынды.

Интерфакстің хабарлауынша, Ресей Президенті Медведев үкіметіне жаңа кабинет жасақталғанша қызметін жалғастыра беруді тапсырған. Сондай-ақ, Путин Медведевке Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметін ұсынды.

Айта кетейік, Медведев Ресей Үкіметін 2012 жылдан бері басқарып келеді. 2008-2012 жылдары Ресей Президенті болған. Ол 2012 жылдан бері "Единая Россия" партиясын да басқарады.