18 мам, 2022 сағат 23:39

Ресей чемпионы киіміндегі Z әрпі үшін медаль мен сыйақыдан айырылды


Халықаралық гимнастика федерациясы қоссырақ жарысының жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне кеудесіне Z әрпін жабыстырып келген ресейлік гимнаст Иван Кулякті бір жылға спорттан шеттетті. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Федерацияның тәртіптік комиссиясы 20 жастағы спортшы Халықаралық гимнастика федерациясының жарғысын, оның тәртіптік және этикалық кодекстерін, сондай-ақ техникалық регламенттерді бұзды деген қорытындыға келген. Куляк қола жүлдені және 500 швейцариялық франк көлеміндегі ақшалай сыйлықты қайтарып, 2 мың франк көлеміндегі сот шығындарын төлеуі керек.

Оқиға биыл наурызда көркем гимнастикадан Дохада өткен әлем кубогы кезеңінде болған. Сол кезде спорттық гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Ресей чемпионы параллель қоссырақтан қола жүлде жеңіп алған.

Марапаттау рәсімінен түсірілген кадрларда Куляқтің киіміне Z әрпі жабыстырылғаны көрсетілген. Z және V әріптері Ресей әскерінің Украинаға басып кіруінің символы ретінде белгілі. Олар көбіне ресейлік әскери техникаға жазылады.

"Білесіз бе, ол бізбен ақылдаспады. Бұл оның жеке бастамасы екені сөзсіз. Біздің жігіттер - Ресейдің патриоттары. Ол бізге ештеңе айтпады", - деді спорттық гимнастикадан Ресей құрамасының аға бапкері Валентина Родионенко.

Украинада соғыс басталғаннан кейін көптеген халықаралық ұйым ресейлік және белорус спортшыларын жарыстарға қатысудан шеттеткен. Кейбірін, мысалы, шахматшы Сергей Карякин мен жүзуші Евгений Рылов Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық қолдағаны үшін жеке жазаға ұшыраған.