27 қар, 2020 сағат 07:45

Ресей азаматы 14 жыл бойы Қазақстаннан зейнетақы алып отырған

Ресей азаматы 14 жыл бойы Қазақстан аумағында зейнетақыны заңсыз алып отырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Ресей Федерациясының азаматына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қозғап, тергеу жүргізген. 

Ол Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, 2003 жылы Ресейге барып, сол мемлекеттің азаматтығын алған және екі мемлекет аумағында зейнетақы алып отырған. 

Бұл ретте ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталығына РФ азаматтығы бар екендігін әдейі жасырып, ҚР-да зейнетақы алуға құжат тапсырған. 

Осылайша, 2006 жылдан бастап 14 жыл бойы айыпталушы ҚР аумағында зейнетақы төлемдерін заңсыз алып отырған және мемлекетке 9,2 млн теңгеден астам залал келтірген. 

Батыс Қазақстан облыстық сотымен ол ҚР ҚК 190-б. 1-б. 1-т. қарастырылған қылмысты жасағаны үшін айыпты деп танылды, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Биыл осындай фактілер бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шыққан.