Фото:@dnipropetrovskaODA
24 тамыз – Украинаның тәуелсіздік күніне қараған түні Ресей әскері Днепрді зымыранмен атты. Бұл туралы Днепропетровск облыстық әскери әкімшілік басшысы Сергей Лысак телеграм-арнасында жазды. Жеті адам жараланып, оның алтауы ауруханаға жатқызылған.
Лысактың айтуынша, көлік нысаны, екі тұрғын үй, банк, жанармай құю бекеті, қонақ үй, агрофирма, жиһаз шығаратын кәсіпорын мен әкімшілік ғимарат, бұдан бөлек автокөліктер, автобустар, су және газ құбырларына зақым келген.
Ресей әскері қалаға бірнеше зымыран атқан. Сергей Лысактың мәліметінше, оның біреуі атып түсірілген.
Ресей тарапы Днепрге жасалған соққы туралы түсініктеме бермеді.
Бейсенбіге қараған түні Ресей қорғаныс министрлігі украин дрондары шабуылдағанын хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, Брянск облысында екі дрон, Калуга облысында бір дрон атып түсірілген. Өңір басшылары зардап шеккендер жоқ деп мәлімдеді.
Украина да дрондар шабуылы жөнінде ештеңе демеді.