10 там, 2023 сағат 15:04

Ресей арнаулы қызметтері Яндекстен қазақстандықтар туралы деректер ала ма?

Фото: ©РИА Новости

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Қазақстандағы «Яндекс. Такси» деректерін тәулік бойы алып отырады делінген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Бүгінде Қазақстан Респубилкасының азаматтарының өзінің қалауымен шетелдік сервистерді дербес қолдануға құқығы бар. Дегенмен, Қазақстан Республикасының «Жедел іздестіру қызметі туралы» Заңының 8-бабына сәйкес, жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын өкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етпеу талабымен өзге ұйымдардан жедел іздестіру қызметі міндеттерін шешуде маңызға ие ақпараттарды қайтарымсыз алуға және пайдалануға құқылы», - делінген министрлік ақпаратында.

Ведомствоның атап өтуінше, мұндай талап бүкіл елде, оның ішінде Ресей Федерациясында да бар.

Ақпараттық қызметтің дерегіне сәйкес, қазақстандық «Яндекс. Такси» компаниясы ресейлік арнаулы қызмет өздерінің қолданушылары деректерін ала алады деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Ресей заңнамасы Қазақстандағы сервиске және оның қолданушыларына жүрмейді. Өйткені, олар Ресейден тыс жерде сапар жасайды және қосымшаны қолданады. Бұл 1 қыркүйектен кейін де өзгермейді. Қазақстандағы қолданушыларға Яндекс Go қызметін ұсынатын қазақстандық «Яндекс. Такси корп» ЖШС қолданушылардың дербес деректерін республика заңнамасына сай өңдейді. Сонымен қатар, дерек субъектілерінің көзделген барлық құқығын қамтамасыз етеді», - деп сендіреді компаниядан.

Қазақстандағы сервистің қызметімен байланысты деректер шетелдік (оның ішінде ресейлік) өкілетті мемлекеттік органдар тарапынан ресми сауал арқылы және белгіленген халықаралық проедуралар аясында ғана сұралуы мүмкін.

Бұған дейін қазақстандық Интернет қолданушылар компанияның домендік парақшасына кіру мүмкін еместігін атап өткен болатын. Осы жайтқа байланысты да Цифрлық даму министрлігі пікір білдірген еді.

«Министрлік заң бұзушы домендердің жұмыс істеуіне толықтай тыйым салу мақсатын алға қойып отырған жоқ. Бұл ретте заңнаманы бұзған доменге кіруге уақытша шектеу қою тетігі қолданлады. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Яндек компаниясынан доменін ел аумағына көшіру мерзімін ұзарту туралы хат келді», - деді министрліктің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, ведомство хабарламасына қарағанда, Яндекс компаниясы Қазақстан заңнамасының барлық талаптарын орындауға дайын екендігін білдірген.

«Доменге кіруге уақытша шектеу осы жылдың 25 шілдесіндегі министрліктің сауалына жауап ұсынбауы салдарынан қолданылды», - деді министрліктен.