12 мам, 2022 сағат 19:45

Референдумға қатысу құқығы бұзылған жандар прокурор мен сотқа жүгіне алады


Республикалық референдум кезінде «Дауыс беруге қатысу құқығым бұзылды» деп есептеген азаматтар прокурорлар мен сотқа жүгіне алады. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин Орталық сайлау комиссиясында өткен семинарда мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұқаралық ақпарат құралдарындағы үгіт туралы айтсақ, анонимдік үгіт материалдарын таратуға, сондай-ақ реферндумға 1 күн қалғанда және референдум өтетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Ол үшін де әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Яғни, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 102 және 113-бабымен жауапқа тартылады», - деді Бас прокурордың аға көмекшісі. 

Сондай-ақ, ол азаматтардың республикалық референдумға қатысу құқығы шектелсе немесе бұзылса, прокурорлар айрықша құзыретінің негізінде қылмыстық іс қозғай алатынын айтты.

«Бұл істерді соттар қарайды. Бұл жерде атап өткім келетіні, азаматтар мұндай кедергілерге тап болса, сотқа тікелей жүгіне де алады», - деді Азамат Сарғазин.