12 мам, 2022 сағат 14:03

Референдум нәтижесінде Президент өкілеттігіне бірқатар шектеу енгізіледі


Әділет вице-министрі Алма Мұқанова 5 маусымда өтетін референдум нәтижесі бойынша оң шешім қабылданған жағдайда ҚР Президентінің өкілеттігіне бірқатар шектеу қойылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Референдумға шығарылып жатқан конституциялық өзгерістердің ішінде қоғамда кеңінен талқылауға түсіп жатқан мәселенің бірі – Президенттің лауазымына байланысты шектеулер. Ол дегеніміз, алдымен, Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылмақ. Екіншіден, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болуына тыйым салынады», - деді Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Министр орынбасарының айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер 12 блоктан тұрады.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысының аудан, облыс, шағын қалалар мен ауылдық округтердің әкімдерін сайлау және босату құқығы алынып тасталады. Көріп отырғаныңыздай, бұл - Президент өкілеттілігінің қысқаруы деген сөз. Яғни «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен бас тартуды білдіреді», - дейді ол.