05 мам, 2022 сағат 21:06

Референдум бюллетенінде екі жауап қана болады – Арман Қожахметов


Конституцияны түзету мәтіні барлық қазақстандықтарға жеткізілуі керек. Бұл ретте республикалық референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньде қысқа жауаптар көзделеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Жарлығы Конституцияға енгізілетін түзетулердің нысаны мен мәтінін ұсынады. Азаматтар өз шешімдерін шығарады. Олар «Иә» немесе «Жоқ» деп дауыс бере алады. Бюллетень формасында «иә» немесе «жоқ» деген қысқа жауаптар ғана болады. Түзетулер мәтіні еліміздің барлық азаматтарына жеткізілуі тиіс. Біз олармен танысып, содан кейін референдумда тиісті шешім қабылдауымыз керек», - деп түсіндірді депутат Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге. 

Мәжіліс депутатының айтуынша, халық референдумға үлкен қызығушылық танытады. 

«Референдумның шешімі заңды, өйткені ол тиісті заңда солай жазылған. Біз әлеуметтік желілерде көріп отырған ұсыныстар мен белсенділікке қарасақ, Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі қоғамымыздың көптеген азаматтарын толғандырады. Сондықтан, қызығушылық үлкен болады деп ойлаймын», - деді А.Қожахметов. 

Депутат бұл түзетулерде Елбасы мәртебесі туралы және Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы екендігі туралы сөздер алынып тасталатынын еске салды. 

Сонымен бірге, тілшілер «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заңның күшін жоюы мүмкін бе деген сұрақ қойды. 

«Иә деп ойлаймыз, құжаттар пакетінде қарастырылған. Бірақ шешімді тұрғындар референдумда қабылдайды. Егер бұл үшін қоғам дауыс берсе, тиісінше, мұндай шешім одан әрі қабылданатын болады», - деді Арман Қожахметов. 

Оның айтуынша, Президенттің Конституцияға ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру тапсырмасынан кейін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті референдум мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнаманы қолға алды. 

«Республикалық референдум туралы заңның 28-бабы бойынша жұмысты бастадық. Біз бюллетеннің формасын сұрадық және кейін дауыс санау кезінде қиындықтар туындауы мүмкін екенін көрдік. Сондықтан осындай түзету болды, яғни бұл біздің депутаттарымыздың, біздің комитеттің бастамашыл заң жобасы. Олар тиісті түзетулер жасап, Парламент Мәжілісіне ұсынды», - деді депутат.